Сайыстың шымылдығын 15 қыркүйекте Михаил Кукушкин мен Гвидо Пелью ашты. Қос теннисші арасындағы кездесу төрт сағатқа созылып, төрт сетке дейін ойналды. Алғашқы сетте есе жіберген жерлесіміз 6:7 (5:7), қалған үш сетте қарсыласынан басым түсті. Нәтижесі мынадай – 7:6 (7:5), 6:2, 6:4. Бұл жеңісімен Кукушкин (суретте) құрамаға алғашқы ұпайды салды. Матч аяқтала сала кортқа қазақстандық теннисші Дмитрий Попко мен аргентиналық Диего Шварцман шықты. Өкінішке қарай, аталған кездесуде Попко қарсыласына 6:4, 6:2, 6:2 есебімен есе жіберіп қойды. Сөйтіп, Қазақстан-Аргентина құрамалары арасындағы есеп теңесті.
Жарыстың екінші күнінде теннисшілер жұптық кездесу өткізді. Бұл сында Александр Недовесов пен Тимур Хабибулин жұбы аргентиналық теннисшілер Максимо Гонсалес пен Андрес Мольтени дуэтіне қарсы ойнады. Алғашқы сетте қарсыластарына жол беріп қойған отандастарымыз қалған үш сетте қайсарлық танытып, аргентиналықтарды 5:7, 6:4, 7:5, 6:4 есебімен жеңді. Турнирдің соңғы күнінде Михаил Кукушкин Диего Себастьян Шварцманмен сынға түсіп, үш сетте 6:4, 6:4, 7:6 (7:2) аргентиналық теннисшіні қапы қалдырды. Кукушкиннің бұл жеңісі теннистен Қазақстан ұлттық құрамасын Дэвис кубогының әлемдік тобына шығарды.
Еске сала кетсек, бір ғасырлық тарихы бар турнирге Қазақстан құрамасы 1995 жылдан бастап қатысып келеді. Отандастарымыз әлемдік топқа алғаш рет 2010 жылы Швейцарияны жеңгеннен кейін шықты. Содан бері Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының әлемдік тобына тұрақты қатысушы атанды. 2011, 2013-15 жылдары ширек финалға дейін жетті. Бұл – құрамамыздың бүгінгі күнге дейінгі ең үлкен жетістігі.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»